Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа Үкімет, таныс есімдер: Кім қызметінде қалды, кім ауысты

министрлер
Фото: Stan.kz

 

Қазақстанда жаңа Үкіметтің құрамы толық жасақталды. Олжас Бектенов премьер-министр қызметінде қалды. Вице-премьерлер мен министрлердің басым бөлігі де жұмысын жалғастырады. Дегенмен бірнеше министрліктің басшысы ауысты. Stan.kz жаңа Үкімет құрамындағы негізгі өзгерістерге тоқталады.

 

Мұхтар Тілеуберді Сыртқы істер министрлігіне қайта оралды

Мұхтар Тілеуберді
Фото: gov.kz

Сыртқы істер министрі болып Мұхтар Тілеуберді тағайындалды. Ол бұл қызметті бұған дейін 2019-2023 жылдары атқарған.

Осылайша Тілеуберді араға үш жылдан астам уақыт салып Сыртқы істер министрлігін қайта басқарады.

Арман Қырықбаев Мәдениет және ақпарат министрі болды

министр
Фото: gov.kz

Мәдениет және ақпарат министрлігін енді Арман Қырықбаев басқарады. Бұған дейін ол Президенттің көмекшісі қызметін атқарған. 2015–2019 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып, ішкі саясат, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және жастар саясаты сияқты бағыттарға жетекшілік етті. 2020–2022 жылдары Nur Otan партиясының хатшысы болды. 2022 жылы Алматы әкімінің орынбасары қызметіне қайта тағайындалды

Ал министрлікті бұған дейін басқарған Аида Балаева Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне ауысты. 

Әлібек Қуантыров Экология министрлігін басқарады

қуантыров
Фото: gov.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі болып Әлібек Қуантыров тағайындалды. Ол бұл қызметте Ерлан Нысанбаевты алмастырды.

Қуантыров бұған дейін мемлекеттік қызметте бірқатар лауазым атқарған, соның ішінде Ұлттық экономика министрі болған.

Төтенше жағдайлар министрі де ауысты

Мұрат Мұханов
Фото: Primeminister.kz

Төтенше жағдайлар министрі қызметіне Мұхтар Мұханов тағайындалды. 

Ол 2020–2023 жылдары Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментін басқарды. Ал 2023–2024 жылдары ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарды.

2024–2026 жылдары қайтадан Маңғыстау облысы ТЖД бастығы қызметінде болды. Биыл маусым айында Төтенше жағдайлар министрлігінің Аппарат басшысы болып тағайындалған

Бұған дейін ведомствоны Шыңғыс Әрінов басқарған. 

Үкімет басшылығында кімдер қалды?

Үкімет басшылығында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Олжас Бектенов премьер-министр қызметін жалғастырады.

Нұрлыбек Нәлібаев бірінші вице-премьер болып қалды. Ғалымжан Қойшыбаев пен Қанат Бозымбаев та премьер-министрдің орынбасары қызметін жалғастырады.

Серік Жұманғарин мен Жаслан Мәдиев те вице-премьер қызметінде қалды. Жұманғарин Ұлттық экономика министрлігін, ал Мәдиев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін қатар басқарады.

Министрлердің басым бөлігі өзгерген жоқ

Бірнеше жаңа тағайындауға қарамастан, министрлер кабинетінің негізгі құрамы сақталды.

Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі, Ержан Сәденов Ішкі істер министрі, Мәди Такиев Қаржы министрі, Нұрлан Сауранбаев Көлік министрі қызметін жалғастырады.

Сондай-ақ Ерлан Сәрсембаев – Әділет министрі, Ерлан Ақкенженов – Энергетика министрі, Ерсайын Нағаспаев – Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып қалды.

Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрлігін, Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау министрлігін, Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрлігін, Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы министрлігін басқара береді.

Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Ербол Мырзабосынов Туризм және спорт министрі, Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрі қызметін жалғастырады.

Президент алдыңғы Үкіметтің жұмысын қалай бағалады?

Жаңа құрамның басым бөлігінің орнында қалуы да назар аудартады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Бектенов басқарған Министрлер кабинетінің жұмысына баға бергенде, оның нәтижелерін жалпы оң бағалаған. Дегенмен шешілмеген мәселелер бар екенін де жасырмаған.

"Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар", – деген еді Тоқаев.

Президент Үкімет жұмысының нәтижесін экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, халықтың тұрмысымен бағалау керегін де айтқан.

"Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай, әділ бағаланады. Басты көрсеткіш – азаматтардың тұрмыс сапасы", – деді Мемлекет басшысы.

Осылайша жаңа Үкімет жасақталғанымен, министрлер кабинетінде жаппай кадрлық өзгеріс болған жоқ. Негізгі құрам мен премьер-министр орнында қалып, бірнеше министрлік пен бірінші вице-премьер қызметінде ғана жаңа есімдер пайда болды.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 15:01